«Құндылық» термині болмыстың белгілі құбылыстарының адами, әлеуметтік және мәдени мән-мағынасын білдіру үшін қолданылады. Адам өмірінің өзегі-құндылықтар, ал басқа мақсаттар оған жеткізетін баспалдақтар ғана. Осы қағидаға сүйенсек, қоғамның жаңару кезіндегі жаңаша көзқарастардың бірі – құндылыққа бағдар. Қазіргі таңда тәрбие жұмысы құндылықққа бағытталып, мектеп-интернатымыздың тәрбие жұмысы осы бағыт бойынша жұмыс жасауда. Құндылыққа бағытталған тәрбие жүмысының жоспары бойынша қаңтар айы «Сәлемдесу» айы, ақпан айы «Құрмет» айы, наурыз айы «Алғыс» айы, сәуір айы «Кішіпейілділік» айы, мамыр айы «Отансүйгіштік» айы болып бекітілді.
Қаңтар айының жоспарына сәйкес 19-31 қаңтар аралығында 7-сыныптар арасында «Мақал сөздің — мәйегі» тақырыбында сәлемдесу туралы мақал-мәтел жолдау челленджі және «Сәлем – сөздің анасы» тақырыбында ақпараттық сабақ, 8-сыныптар арасында «Сәлем, сүйкімді дос!» ашық хат жолдау, 9-сыныптар арасында «Сөздің мәні – сәлемде» бейнеролик байқауы, «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» тақырыбында 9-сыныптар арасында сурет байқауы, 10-сыныптар арасында «Әдептілік белгісі – иіліп сәлем бергені» тақырыбында эссе байқауы өткізіліп, елімізде болып жатқан төтенше жағдайға қарамастан тәрбие жұмысы қашықтықтан онлайн өз жұмыстарын жоспарлы, жүйелі жүргізуде. Тәрбиеленушілер онкүндікке белсенді араласып, тәрбиеленушілердің тұлғалық дамуына ықпал жасалды.
Ақпан айының жоспарына сәйкес 9-сынып оқушыларымен «Мен өмірді таңдаймын», «Адамды құрметтеу – қарым-қатынас мәдениетінің маңызды құндылығы» тақырыбында психологиялық тренингі, 8-сыныптар арасында «Мейірімді жүрек» қайырымдылық челленджі және «Махаббатқа толы жүрек» тақырыбында эссе байқауы, «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» тақырыбы аясында сурет байқауы, 7-сыныптар арасында «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» слайдты таныстырылым және «Алтын жүрек анамыз» мәнерлеп оқу сайысы, 9- сыныптар арасында «Отбасы – сыйластық ортасы» отбасылық эстафета өткізілді. Сонымен қатар мектеп-интернаттың 9-сынып оқушылары «Ауған соғысында от кешкендер» тақырыбында ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен қаһармандарға құрмет көрсетілді. Аталған жұмыстар «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланып, оқырмандар арасында қызу талқыға түсуде.
Бүгінгі оқушы – егеменді еліміздің болашағы екенін ескерсек, «Осы балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматтар шыға қояр ма екен?» деген ой көпшілігімізді, әсіресе тәрбие негізі қаланатын мектептегі ұстаздар қауымын толғандырады. Себебі, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі – ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Өйткені әрбір халық ұрпағымен көктеп, өркен жаяды. Әрбір мемлекет рухы таза, санасы биік білімді де, білікті ұрпағынан қуат алады. Ол өзінің әрбір жаңа буын жас ұрпағы жетілген сайын дамудың жаңа биіктеріне көтеріледі. Ал бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – еңселі еліміздің кірпіші боп қаланатын әрбір қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде, оларға жастайынан имандылық пен ұлттық қасиеттерді сіңіре білсек, сонда ғана біз ұлттық рухы дамыған, Отанының гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» деген болатын. Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен ұлттық тәлім — тәрбиеге баулып, халқының салт-дәстүрін жақсы білетін саналы азамат тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек.
Сондықтан қатардағы пендені нағыз толыққанды тұлғаға айналдыру үшін ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Сіз бен біз тәрбиелеген ұрпақ болашақты бағамдап, келешегіміздің кілтін ұстар салиқалы ұрпақ боларына сеніміміз мол.
Тәрбиеші: Қабат Жайна